Колледждерде демонстрациялық емтиханды өткізу көрсеткішін жыл сайын орындау «Сапалы білім «Білімді ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде көзделген.
«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу- ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына сәйкес (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген):
- демонстрациялық емтихан-білім алушыға игерілген кәсіби құзыреттіліктерін іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік беретін аралық және/немесе қорытынды аттестаттауды өткізу нысаны;
- біліктілік емтиханы колледж оқу-өндірістік шеберханаларында, зертханаларында және оқу орталықтарында және/немесе кәсіпорындардың өндірістік алаңдарында әрбір жұмысшы біліктілігін меңгергеннен кейін практикалық жұмыс немесе демонстрациялық емтихан түрінде өткізіледі;
- біліктілік емтиханы практикалық жұмыс немесе демонстрациялық емтихан түрінде ұйымдардың оқу-өндірістік шеберханаларында, зертханаларында және оқу орталықтарында және/немесе кәсіпорындардың өндірістік алаңдарында өткізіледі.
Демонстрациялық емтихан білім алушылардың бір біліктілік шеңберінде кәсіптік модульдердің мазмұнын меңгеру сапасын оларды зерделеу аяқталғаннан кейін (аралық аттестаттау) немесе олардың тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында (қорытынды аттестаттау) көзделген модульдер көлемін игеру дәрежесін айқындағаннан кейін бағалау мақсатында өткізіледі.
Колледж демонстрациялық емтихан өткізу кезінде «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы
№ 125 бұйрығын және 2022 жылғы 27 мамырдағы республикалық оқу-әдістемелік кеңеспен бекітілген WorldSkills талаптары бойынша біліктілік емтиханы шеңберінде демонстрациялық емтиханын өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды басшылыққа алады.
2023 жылдың 20-21 маусымында «Жерге орналастыру», 22-23 маусымында «Ветеринария» мамандықтары бойынша демоемтихан өткізілді. 28 студент практика жүзінде кәсіби шеберліктерін дәлелдеп, құзыреттілік паспорттарын алды. Бұл дипломға қосымша, яғни кәсіби маманның электронды паспорты. Жұмыс берушілер түлектің қанша балл алғанын, қандай кәсіби машығы мен дағдылары үшін алғанын көре алады. Бұл келешекте колледж түлегінің жұмысқа орналасуына оң ықпалын тигізеді.